ДІН САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ БАСЫМДЫҚТАРЫ

Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Көп этносты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған. Қазақстан жаһандық конфессияаралық үнқатысу орталығы болып саналады деп көрсетеді.Қазақстандағы діндердің дамуы діни сенім бостандығы, рухани даму, елдегі азаматтық татулық пен конфессияаралық келісімді сақтау мен нығайтуға бағытталған мемлекеттің жүйелі саясатының нәтижесі болып саналады.

Соңғы екі онжылдықта дін мен конфессияаралық қатынас аясындағы жағдай айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Діни ахуалдың жай-күйі, өсу қарқынына жасалған талдау өскелең ұрпақ өкілдерінде діндарлықтың артқандығын байқатады. Және де бұл жеке тұлғаның табиғи рухани қажеттілігі тұрғысында ғана емес, қоғамда қалыптасқан мәдени және рухани дәстүрге нұқсан келтіруге талпынатын жалған діни ұйымдар қызметі арқылы да өсуде. Осы орайда,Атырау облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының жұмыс жоспарына сәйкес, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» Қоғамдық қоры 21 қараша күні Атырау энергетика және құрылыс колледжінің студенттеріне «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтары» атты кездесу өткізді.

Аталған шараға «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» Қоғамдық қорының теологы Сариев Сұлтангелді қатысып, дәстүрлі емес діни ағымдар туралы және олардың жастарды құрығына түсіру үшін қолданатын айла-тәсілдерін жеткізді. Сонымен қатар, дәстүрлі дін мен теріс діни ағымда жүргендерді ажыратудың көріністері мен ұстанымдарын тілге тиек етті.
Ал, Сириядан «Жусан» операциясымен елімізге оралған отбасы мүшесі Еркінбай Перизат жалған діни ағымдарға жастайынан қалай құрбаны болғанын және Сириядағы бастан кешкен қиын тағдырын айта отырып, жастық шақтың қанша уақытын жоғалтқанын айтты. Сонымен қатар студенттерге соқыр сенімнің жетегінде кетпей, ата-ананың, бауырлардың, отанның, білім алудың, уақыттың қадірін түсіну керектігін еріксіз көзіне жас алып, жеткізді.


Жарияланды: 06.12.201908:31

Автор: