ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫ БАС ҚОСТЫ
Қазіргі уақытта Атырау облысында 24 техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орны бар. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбековтың төрағалығымен өткен жиында өткен жылы колледждерде атқарылған жұмыстар есебі тыңдалды.
2023 жылы еңбек нарығының сұранысына сай колледждерде «Мехатроника», «Эстетикалық косметология», «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері», «Агрономия» мамандықтары ашылса, оқу орындарының индустриалды кеңестер құрамына 210 әлеуметтік серіктес кәсіпорын мен мекемелер тартылған. Олар академиялық дербестік аясында білім беру бағдарламаларының мазмұны мен оқу мерзімдерін айқындауда бірлесіп жұмыс жасауда. Өңірге қажетті мамандарға сұранысты анықтау мақсатында облыстық білім беру басқармасы жүргізген зерделеу жұмыстары 2023 – 2026 жылдары 12 862 маманға қажеттілік бары анықталған. Атырау облысы әкімінің қаулысымен Атырау сервис колледжінің базасында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссия құрылды.
Жыл ішінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында өндірістік орындарға тәлімгерлік тәжірибе, дуалдық оқыту, көшпелі экскурсия жұмыстары ұйымдастырылды. «Жұмыс берушілер күні», «Түлектер жәрмеңкесі», дөңгелек үстелдер, конференциялар, мамандық апталықтары өткізілді. Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілдерінің және жұмыс берушілердің қатысуымен дуалды оқытуды дамыту мақсатында кеңейтілген жиын ұйымдастырылып, екі жақты меморандумдарға қол қойылды.
Жиын барысында колледждерді шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын нысанына көшіру, психолог мамандар үшін форум-семинарлар ұйымдастыру, тәрбиелік шаралар деңгейін арттыру мәселелері көтерілді.