«Тіл – ұлттың жаны»
Атырау энергетика және құрылыс колледжінде Тілдер күні аталып өтті. Қыркүйектің 23-жұлдызында Атырау энергетика және құрылыс колледжінде Қазақстан Республикасы халықтарының Тілдер күні мерекесін атап өтті. Әр адамның өз ұлтының жан дүниесі мен мәдениетінен, ғасырлар бойы жиған рухани азығынан нәр алатын кіндік тамыры – Ана тілін ардақтаған күні колледждің 1-курс студенттері Қазақстанды мекен еткен әр ұлт өкілдерінің тілінде сөйлеп, мәдениеті мен киім үлгілерін, өнерлерін ортаға салып, ұлт достастығы фестивалін өткізді. Үштілділік жобасын жүзеге асырып келе жатқан колледж кез келген шараны үш тілде өткізіп жүргенін бірі білсе, бірі білмес. Бұл шара да солардың қатарынан табылып, тілдер ұлықталған мереке басынан аяғына дейін үш тілде жүргізілді. Тілдер мерекесі – барша елге ортақ, жалпы халықтық мереке, барлық ұлт өкілдеріне көрсетілген құрмет. Сондықтан да жыл сайын осы мереке колледжде дәстүрлі фестиваль түрінде аталып өтіліп келеді. Қазақ ұлты бастаған фестивальде ағылшын, орыс, сынды ұлттардың ұлттық ерекшеліктері, тілі мен өнері жан-жақты насихатталды. Сонымен қатар шара колледж өміріне енді ғана етене араласа бастаған 1-курс студенттерінің өнерлерін танытуларына, топ болып ұжымдасуларына бірден-бір септігін тигізді. Олар өздерін әр қырынан танытуға, мерекеге өзіндік үн қосуға барынша тырысты. Өрлі де асқақ рухты тәуелсіз елдің жас ұландары осындай өрелі іске баратынын көрсетті. Колледж студенттері қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде тіл туралы өлеңдер оқып, көрініс көрсетіп, ән салды.